Найробиде теңіздер мен көлдердің тартылу мәселелері талқыланды

8–12 желтоқсан аралығында Найробиде орналасқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (бұдан әрі – ЮНЕП) штаб-пәтерінде өтетін БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі Ассамблеясының жетінші сессиясы (бұдан әрі – ЮНЕА-7) аясында «Теңіздер мен көлдердің тартылуы – XXI ғасырдың жаһандық экологиялық қатері» атты сайд-ивент өтті. Іс-шараны Орталық Азия үшін климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі Жобалық офисі – Орталық Азия климаттық қоры (бұдан әрі – САСF) халықаралық серіктестермен бірлесе ұйымдастырды
Кездесуге әртүрлі елдердің экологиялық ведомстволарының өкілдері, сондай-ақ ЮНЕП, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының (ЕЭК БҰҰ) және Рамсар конвенциясы хатшылығының жоғары басшылығы, халықаралық қаржы институттары, ғылыми-зерттеу орталықтары мен сарапшылар қатысты.
Сессия модераторы ретінде CACF өкілі сөз сөйледі.
Дискуссия барысында қатысушылар Орталық Азияның Арал теңізінің толық дерлік жойылуы және Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі салдарынан туындаған экологиялық және әлеуметтік мәселелермен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Бұл үдерістер әлемнің басқа өңірлерінде де байқалуда: Африкадағы Чад көлі, Оңтүстік Америкадағы Поопо көлі, сондай-ақ Еуропа мен Азиядағы ішкі су айдындары. Мұндай мысалдар теңіздер мен көлдердің жаппай тартылуы XXI ғасырдағы ең маңызды жаһандық экологиялық сын-қатерлердің бірі екенін көрсетеді және оны шешу үшін халықаралық деңгейде үйлестірілген іс-қимылдың маңыздылығын айқындайды.
One Water Summit, 2024 жылы Сауд Арабиясында өткен жаһандық су саммиті, су ресурстарын кешенді басқару және экожүйелердің тұрақтылығын арттыру мәселелері бойынша халықаралық диалогты жандандыруға серпін берді. Қазақстан мен Францияның тең төрағалығымен өткен бұл саммит су секторында экожүйелік және климатқа бағдарланған тәсілдерді ілгерілетудің маңызды кезеңі болды. Саммит нәтижесінде ғылыми-зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар және ғарыш агенттіктерінен құралған 20 мүшелі халықаралық коалицияның өзара іс-қимылына негізделген One Water Vision бастамасы іске қосылды.
ЮНЕА-7 аясында өткен сайд-ивент судың климаттық және экологиялық күн тәртібіндегі рөлін күшейтуге, сондай-ақ БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 6-мақсаты – «Баршаға су мен санитарияға қолжетімділікті және олардың ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету» міндетін ілгерілетуге үлес қосатын маңызды кезең болып табылады. Іс-шара 2026 жылы БАӘ-де өтетін БҰҰ Су мәселелері жөніндегі конференциясына және 2026 жылы Қазақстанда өтетін Өңірлік экологиялық саммитке стратегиялық көпір қызметін атқарады. Аталған алаңдарда Орталық Азия елдері климаттық және экологиялық қатерлерге қарсы күресте өз күш-жігерін біріктіретін болады.
Сайд-ивент барысында Африка мен Орталық Азиядағы теңіздер мен көлдердің тартылуына байланысты өңірлік сын-қатерлер мен мүмкіндіктер қарастырылды. Талқылау экожүйелерді қалпына келтіру және жергілікті қауымдастықтардың төзімділігін арттыру мақсатындағы интеграцияланған трансшекаралық іс-қимылдарға және су ресурстарын кешенді басқару мен табиғатқа негізделген шешімдерге (су-батпақ алқаптарын қалпына келтіру, өзен бассейндерінде орман қайта отырғызу) ерекше көңіл бөлді.
Бұған дейін хабарланғандай, 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада Орталық Азия елдері үшін өзекті экологиялық мәселелер және оларды шешу жолдары талқыланатын Өңірлік экологиялық саммит өтеді.