2025 жылы Қазақстанның 11 елді мекенінде ауаның ластану деңгейі жоғары болды

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның 11 елді мекенінде атмосфералық ауаның ластануы жоғары және өте жоғары деңгейде тіркелді, онда зиянды заттардың шекті жол берілетін концентрациясынан мыңдаған рет асып кету анықталған. Астана ауасы нашар қалалар тізімінен шықты, ал Түркістан бұл тізімге алғаш рет енді.
Орталық Азия климаттық қорының (CACF) климаттың өзгеруі және жасыл энергетика мәселелері бойынша Орталық Азияға арналған Жобалық офисінің сарапшылары 2025 жылы «Қазгидромет» РМК жүргізген атмосфералық ауаны мониторингтеу деректерін талдады. Жалпы мониторинг 70 елді мекенді қамтыды, олардың ішінде ластану деңгейі төмен санатына – 32, ластануы жоғарылаған санатына – 27, ал ластануы жоғары және өте жоғары санатына – 11 елді мекен жатқызылды.
Атмосфералық ауаның ластануының төмен деңгейі Ақтау, Риддер, Семей, Көкшетау, Орал, Ақсай, Талдықорған, Атбасар, Щучинск, Қаратау, Жаңатас, Степногорск, Балқаш, Саран, Қостанай, Рудный, Павлодар, Петропавл, Екібастұз, Ақсу қалаларында, сондай-ақ Айтеке би, Бурабай, Бестөбе, Глубокое, Ауэзово, Қордай, Састөбе, Төретам, Ақай, Бейнеу, Ақсу, Шиелі кенттерінде анықталды.
Атмосфералық ауаның ластануының жоғарылаған деңгейі Өскемен, Жезқазған, Атырау, Құлсары, Шымкент, Аягөз, Шемонаиха, Алтай, Жітіқара, Лисаковск, Арқалық, Астана, Жаркент, Жаңаөзен, Қызылорда, Тараз, Шу, Қандыағаш, Арал, Хромтау, Кентау қалаларында, сондай-ақ Бурлин, Қызылсай, Ганюшкино, Индерборский кенттерінде және Мақат ауылында анықталды.
Атмосфералық ауаның ластануының жоғары және өте жоғары деңгейі Қарағанды, Теміртау, Сәтбаев, Абай, Ақтөбе, Алматы, Талғар, Түркістан қалаларында, сондай-ақ Шұбаршы, Кеңқияқ кенттерінде және Жанбай ауылында тіркелді.
Қарағандыда 2025 жылы атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың шекті жол берілетін концентрациясынан (бұдан әрі – ШЖК) асып кетудің 40,5 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Олардың ішінде РМ-2,5 қалқымалы бөлшектері бойынша – 31 460 жағдай, РМ-10 қалқымалы бөлшектері бойынша – 5 161 жағдай, күкіртсутек бойынша – 1 709 жағдай, көміртек оксиді бойынша – 1 124 жағдай, азот оксиді бойынша – 284 жағдай, қалқымалы бөлшектер (шаң) бойынша – 753 жағдай, фенол бойынша – 63 жағдай, азот диоксиді бойынша – 1 жағдай. Сонымен бірге өткен жылы 35 күн ішінде бақылау бекеттерінің бірінде РМ-2,5 қалқымалы бөлшектері бойынша жоғары ластанудың 240 жағдайы (10–27,4 ШЖК), РМ-10 қалқымалы бөлшектері бойынша жоғары ластанудың 19 жағдайы (10,4–14,7 ШЖК) тіркелді.
Теміртауда атмосфералық ауаның ластануына негізгі үлес қосқан заттар: фенол (ШЖК-дан асудың 863 жағдайы), күкіртсутек (ШЖК-дан асудың 585 жағдайы), шаң (ШЖК-дан асудың 137 жағдайы), көміртек оксиді (ШЖК-дан асудың 121 жағдайы), азот диоксиді (ШЖК-дан асудың 110 жағдайы), РМ-2,5 қалқымалы бөлшектері (ШЖК-дан асудың 109 жағдайы).
Сәтбаев қаласында да, Қарағандыдағы сияқты, 2025 жылы атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың ШЖК-дан асуы бойынша ондаған мың жағдай тіркелді. Азот диоксиді бойынша – 32 268 жағдай, күкіртсутек бойынша – 10 195 жағдай, озон бойынша – 6 288 жағдай, күкірт диоксиді бойынша – 747 жағдай, көміртек оксиді бойынша – 9 жағдай.
Абай қаласында өткен жылы азот диоксиді бойынша ШЖК-дан асудың 1 227 жағдайы, күкірт диоксиді бойынша – 376, көміртек оксиді бойынша – 5 және озон бойынша – 2 жағдай тіркелді.
Ақтөбе қаласында атмосфералық ауаның ластануына негізгі үлес қосқандар: күкіртсутек (ШЖК-дан асудың 813 жағдайы), азот диоксиді (ШЖК-дан асудың 742 жағдайы), көміртек оксиді (ШЖК-дан асудың 26 жағдайы), азот оксиді (ШЖК-дан асудың 36 жағдайы), күкірт диоксиді (ШЖК-дан асудың 25 жағдайы). Сонымен қатар қыркүйек айының үш күні ішінде қалада күкіртсутек бойынша жоғары ластанудың 9 жағдайы (10 ШЖК-дан жоғары) тіркелді.
Алматыда өткен жылы азот диоксиді бойынша ШЖК-дан асудың 12 309 жағдайы, азот оксиді бойынша – 2 749, РМ-2,5 қалқымалы бөлшектері бойынша – 2 131, күкірт диоксиді бойынша – 1 704, көміртек оксиді бойынша – 898, РМ-10 қалқымалы бөлшектері бойынша – 772, озон бойынша – 77, қалқымалы бөлшектер (шаң) бойынша – 28 және бенз(а)пирен бойынша – 1 жағдай тіркелді.
Талғар қаласында атмосфералық ауаның ластануына негізгі үлес қосқандар: азот диоксиді (ШЖК-дан асудың 11 268 жағдайы), күкірт диоксиді (ШЖК-дан асудың 3 644 жағдайы), көміртек оксиді (ШЖК-дан асудың 158 жағдайы), озон (ШЖК-дан асудың 1 жағдайы).
2025 жылдың қорытындысы бойынша атмосфералық ауаның ластануы жоғары деңгейдегі елді мекендер тізіміне Түркістан алғаш рет енді. Ауа сапасын анықтау кезінде екі индекс қолданылды:
- Атмосфераның ластану индексі (бұдан әрі – АЛИ) – бірнеше негізгі ластаушы заттардың концентрацияларын және олардың адам денсаулығына әсерін ескеретін көрсеткіш. Ол созылмалы ластану деңгейін анықтау үшін орташа тәуліктік немесе орташа жылдық концентрацияларды пайдаланады;
- Стандартты индекс (бұдан әрі – СИ) – ластаушы заттың өлшенген ең жоғары бір реттік концентрациясының оның шекті жол берілетін концентрациясына қатынасы. Ол нақты бекетте немесе қалада ең көп ластаушы затты анықтауға көмектеседі және ауаның қысқа мерзімді ластануын бағалау үшін қолданылады.
Түркістан қаласындағы стационарлық бақылау желісінің деректері бойынша атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары деп бағаланды (АЛИ = 8), ШЖК-дан асудың ең жоғары қайталануы азот диоксиді бойынша 43% (жоғары деңгей), ал күкірт диоксиді бойынша СИ = 4,9 (жоғарылаған деңгей) болды.
Қаладағы атмосфералық ауаның ластануына негізгі үлес қосқан заттар: азот диоксиді (ШЖК-дан асудың 11 450 жағдайы), күкірт диоксиді (ШЖК-дан асудың 5 701 жағдайы), көміртек оксиді (ШЖК-дан асудың 122 жағдайы), күкіртсутек (ШЖК-дан асудың 59 жағдайы), азот оксиді (ШЖК-дан асудың 40 жағдайы).
Шұбаршы кентінде өткен жылы күкіртсутек бойынша ШЖК-дан асудың 3 604 жағдайы, күкірт диоксиді бойынша – 1 052 жағдай, азот диоксиді бойынша – 14 жағдай, көміртек оксиді бойынша – 2 жағдай тіркелді. Жыл ішінде үш күнде күкіртсутек бойынша атмосфералық ауаның жоғары ластануының 16 жағдайы (10 ШЖК-дан жоғары) тіркелді.
Ұқсас жағдай Кеңқияқ кентінде де байқалды: 2025 жылы күкіртсутек бойынша ШЖК-дан асудың 3 454 жағдайы, азот диоксиді бойынша – 97 жағдай, көміртек оксиді бойынша – 5 жағдай, күкірт диоксиді бойынша – 3 жағдай тіркелді. Жыл ішінде 6 күнде күкіртсутек бойынша атмосфералық ауаның жоғары ластануының 36 жағдайы (10 ШЖК-дан жоғары) тіркелді.
Жанбай ауылында атмосфералық ауаның ластануына негізгі үлес қосқан заттар: азот диоксиді (ШЖК-дан асудың 6 309 жағдайы), күкіртсутек (ШЖК-дан асудың 75 жағдайы), көміртек оксиді (ШЖК-дан асудың 1 жағдайы).
Бұған дейін хабарланғандай, 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтеді, онда Орталық Азия елдерінің проблемалары және оларды шешу жолдары талқыланады. Атмосфералық ауаның ластануымен күрес тақырыбы іс-шараның негізгі бағыттарының бірі болады.