office@caclimate.fund

Соңғы жылдары Шымкент қаласындағы ауа сапасы нашарлап кетті


Баспасөз хабарламасы

Ірі зауыттардың жұмысы тоқтап, басқа кәсіпорындардың өндірістік қуаттары азайғанына қарамастан, соңғы жылдары Шымкент қаласындағы экологиялық жағдай нашарлауда. Қазақстандағы халқы саны жағынан үшінші қалада автокөліктер санының артуына байланысты соңғы 10 жылдың 7 жылында атмосфералық ауаның «жоғары» ластану деңгейі тіркелді. 

2018 жылдан бастап Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие. Халық саны бойынша үшінші орында (шамамен 1,3 миллион адам), ал қаланың ауданы жағынан Қазақстан қалалары арасында бірінші орында. 

Климаты - қоңыржай жылы (қала құрлықтық субтропиктердің солтүстік шекарасында орналасқан). Жыл бойында жауын-шашын мөлшері аз.

Фосфор мен қорғасын зауыттарының тоқтағанына және басқа кәсіпорындардың өндірістік қуаттарының азайғанына қарамастан, соңғы жылдары Шымкент қаласындағы экологиялық жағдай нашарлап келеді. Қаланың кеңеюі мен халық санының тұрақты өсуі көлік құралдарының көбеюіне әкелді. Соның салдарынан қала атмосферасына автокөлік шығарындылары арқылы көміртек пен азот тотығы, күкірт диоксиді сияқты ластаушы заттардың түсуі артты.

Шымкент қаласында атмосфералық ауаның мониторингі 6 тұрақты бекетте жүргізіледі:  

- 4 бекетте тәулігіне үш рет 13 көрсеткіш бойынша қолмен ауа сынамалары алынады: 1) аммиак; 2) суспензиялы бөлшектер (шаң); 3) азот диоксиді; 4) күкірт диоксиді; 5) көміртегі тотығы; 6) азот оксиді; 7) күкіртті сутегі; 8) формальдегид; 9) бензопирен; 10) кадмий; 11) мыс; 12) қорғасын; 13) хром.

- 2 автоматты станцияда әр 20 минут сайын 5 көрсеткіш бойынша деректер тіркеледі: 1) азот диоксиді; 2) күкірт диоксиді; 3) азот тотығы; 4) күкіртті сутек; 5) аммиак.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша атмосфералық ауаның ластану индексі 2015–2017, 2019–2021 және 2024 жылдары «жоғары» деп бағаланған, ал 2018, 2022 және 2023 жылдары – «көтеріңкі» деп танылған. 

2023 жылы зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан (ШРК) асып кеткен 6 281 жағдай тіркелді, бұл нормадан 1,8–4,9 есеге дейін артық болған.

2024 жылы ШРК-дан асу жағдайларының жалпы саны 4 276-ны құрады, олардың басым бөлігі көміртек пен азот тотығы, күкірт пен азот диоксидтеріне тиесілі.

Шымкент қаласының атмосферасын ластайтын негізгі заттар – РМ2.5 және РМ10 қалқыма бөлшектері, көміртек тотығы, озон, күкіртті сутек. 

Айта кету керек, озон – көмірсутектермен жоғары деңгейдегі ластанудың индикаторы, өйткені бұл газ күн сәулесінің әсерінен көмірсутектердің фотохимиялық реакциялары нәтижесінде түзіледі. Бұл Шымкент қаласындағы негізгі ластау көзі – автокөліктер екенін көрсетеді.

E-mail:

office@caclimate.fund

Телефон:

+7 (708) 345-79-71

Адрес:

проспект Мангилик Ел, 11/1, офис 704, Астана, Казахстан

© 2025, Central Asia Climate Foundation. Барлық құқықтар қорғалған

Сайтты Harris Media әзірлеген