CACF және ЭАЭО ООС Қазақстан кәсіпорындарын ESG бағалау бойынша оқыту курсын өткізді

Орталық Азия климаттық қорының (CACF) Оқу орталығы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығымен (ЭАЭО ООС) бірлесіп, «Қазақстан кәсіпорындарын ресми экологиялық деректер негізінде ESG бағалау» атты бір күндік практикалық курс өткізді.
Курс авторы әрі спикері – Орталық Азия климаттық қорының бас атқарушы директоры Ерлік Қаражан.
Тренинг барысында қатысушылар халықаралық ESG стандарттарымен және оларды Қазақстанда қолдану ерекшеліктерімен танысты. Сондай-ақ шығарындылар, төгінділер және қалдықтар туралы деректерді талдауды, кәсіпорындардың экологиялық көрсеткіштерін салыстыру құралдарын қолдануды үйренді.
«Инвестиция тарту жобалардың қысқа мерзімді қаржылық табыстылығына ғана бағытталудан әлдеқайда кең ұғымға айналды. Инвестор жобалардың заңнамадағы өзгерістерге, сондай-ақ қоршаған орта мен әлеуметтік ортаға әсер етуге байланысты тәуекелдерге ұшырамауын қадағалайды. ESG қағидаттарын ұстанатын инвесторлардың тілін түсіну енді жай ғана сән емес, заман талабы. Сонымен қатар мұндай тәуекелдерді басқарудың нақты стратегиясынсыз жаңа капитал тарту мүмкін емес. Қаржылық емес есептілік дегеніміз не? Мемлекет бизнес жүргізудің қаржылық емес аспектілерін қалай ескереді? Жаңа жағдайларда тұрақты бизнес-модельді қалай қалыптастыруға болады? Осы сұрақтардың жауабын білу – кез келген қызмет түрінің негізі. Курс сіздерге жаңа жағдайларды түсінуге және оларда жұмыс істеуге қажетті құралдар мен білім береді», – деп атап өтті Ерлік Қаражан.
Оқу аяқталғаннан кейін қатысушыларға әдістемелік материалдар табысталып, ESG стандарттарын енгізу саласындағы біліктілікті арттырғанын растайтын сертификаттар берілді.
Еске сала кетейік, ESG – компания өз қызметінің қоршаған ортаға, қоғамға және корпоративтік басқару сапасына әсерін ескеретін бизнесті жүргізу стандарттарының жиынтығы. ESG аббревиатурасы Environmental, Social, Governance, яғни қоршаған орта, әлеуметтік жауапкершілік және корпоративтік басқару ұғымдарын білдіреді.


