office@caclimate.fund

Қазақстандағы ауа райының тосын құбылыстары: жаңа климаттық шындыққа бейімделу қажет

5406742971421497902


Аптап ыстық, бұршақ, нөсер жауыннан туындаған сел, дауылды жел мен құйындар – мұның бәрі климаттың өзгеруінің салдары. Соңғы жылдары бұл құбылыстар Қазақстан мен Орталық Азияның көршілес елдерінің тұрғындарына барған сайын көбірек зиянын тигізіп келеді. Жаһандық жылыну ауа температурасының жалпы көтерілуіне, ұзаққа созылатын аптап ыстық кезеңдерінің жиілеуіне, сондай-ақ экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілігі мен қарқындылығының өзгеруіне ықпал етуде. Орталық Азия климаттық қорының (CACF) сарапшыларының пікірінше, климаттық жағдай алдағы уақытта одан әрі күрделене түседі. Сондықтан өңір тұрғындары жаңа климаттық шындық жағдайында өмір сүруге дайын болуы тиіс.

21 шілде күні Павлодар облысының Успен ауданында кенеттен пайда болған құйын тұрғын үйлердің шатырларын ұшырып әкетті, төрт ауылды электр жарығынсыз қалдырды, көптеген ағаштарды құлатып, тіпті астық жинайтын комбайнды аударып тастады. Мұндай экстремалды табиғи құбылыс Қазақстан үшін қалыпты жағдай емес. Құйындар көбіне Солтүстік Америкада, әсіресе АҚШ-тың «Торнадо аллеясы» атанған орталық штаттарында, сондай-ақ Аргентина мен Бангладеште жиі кездеседі.

Өткен демалыс күндері Павлодар облысында бұршақ аралас дауыл соғып, 11 елді мекен электр энергиясынсыз қалды. Сонымен қатар ондаған тұрғын үйдің шатырлары мен ғимараттардың қасбеттері зақымданды.

Бұған дейін бірнеше күн бұрын Астанадан 156 шақырым қашықтықта орналасқан Ерейментау қаласында дауылды жел мен бұршақ болды. Осы уақытта елорда тұрғындары мен Қазақстанның көптеген өңірлерінің халқы аптап ыстықтан зардап шекті.

Шілде айының басында Алматы маңындағы таулы аймақтарда жауған нөсер жаңбыр өзендердің арнасынан асып, сел жүру қаупін күшейтті.

Биыл мамыр мен маусым айлары Шымкент қаласы мен Түркістан облысында әдеттен тыс жауынды болды. Әдетте бұл кезеңде өңірде жауын-шашынсыз ыстық әрі құрғақ ауа райы қалыптасады. Алайда Тәжікстан мен Өзбекстаннан келген құрғақ тропикалық ауа ағындарының Ресейдің қоңыржай ендіктерінен жеткен салқын әрі ылғалды ауа массаларымен түйісуі нәтижесінде Қазақстанның оңтүстігінде жиі нөсер жауын жауды.

Жаһандық жылыну үрдісі жалғасып отырғанын ескерсек, мұндай ауа райының тосын құбылыстары Қазақстан мен көршілес мемлекеттердің тұрғындары үшін барған сайын жиілей түседі.

Қазіргі ғылыми зерттеулерге сәйкес, Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан және дүниежүзілік мұхиттан шалғай жатқан Орталық Азияда ауа температурасының көтерілу қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары. Халықаралық бағалаулар бойынша соңғы онжылдықтарда Жер шарындағы орташа жылдық ауа температурасы әрбір он жыл сайын шамамен 0,19°C-қа артып келеді. Ал өңірлік ғылыми зерттеулер Орталық Азияда бұл көрсеткіш әр онжылдықта 0,25–0,38°C аралығында екенін көрсетеді. Соңғы 50–70 жыл ішінде Орталық Азиядағы орташа жылдық температура 1,5°C-қа жоғарылаған.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (WMO) мәліметіне сәйкес, 2025 жыл адамзат тарихындағы ең жылы үш жылдың қатарына енді. Сол жылы жаһандық орташа температура индустрияға дейінгі кезеңмен (1850–1900 жылдар) салыстырғанда шамамен 1,44°C-қа жоғары болды.

«Климаттың өзгеруі ауа температурасының жалпы көтерілуіне және ұзаққа созылатын аптап ыстық кезеңдерінің жиілеуіне ықпал етеді. 1976 жылдан бері Қазақстандағы орташа жылдық ауа температурасы әр он жыл сайын шамамен 0,4°С-қа жоғарылап келеді. Бұл өзгерістер әсіресе елдің батыс және оңтүстік өңірлерінде айқын байқалады. Онда ауа температурасы +30°С-тан асатын күндердің саны әр онжылдық сайын орта есеппен 4–7 күнге көбейіп отыр.

Сонымен қатар құрғақшылық, нөсер жауын және температураның күрт ауытқуы сияқты жекелеген экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілігі мен қарқындылығы да өзгеруі мүмкін. Дегенмен әрбір нақты ауа райы құбылысы әртүрлі атмосфералық процестер мен жергілікті факторлардың өзара ықпалы нәтижесінде қалыптасады», – деп атап өтті «Қазгидромет» РМК климаттанушылары.

«Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес, биылғы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Қазақстанда 154 қауіпті метеорологиялық құбылыс тіркелген. Олардың ішінде: өте күшті жел – 59 жағдай (жалпы санының 38%-ы); өрт қаупінің 5-сыныбы – 28 жағдай (18%); үсік – 21 жағдай (14%); өте қатты жаңбыр – 19 жағдай (12%).

Қазақстан бойынша қауіпті метеорологиялық құбылыстардың саны 2023 жылы – 202, 2024 жылы – 190, 2025 жылы – 135 болған. Бір қарағанда көрсеткіштің төмендеу үрдісі байқалғандай көрінеді. Алайда биылғы жылдың небәрі алғашқы алты айында мұндай құбылыстар 154 рет тіркелгенін ескерсек, 2026 жылдың көрсеткіші өткен жылдардан асып түсуі әбден мүмкін.

Биыл да, өткен жылдағыдай, Эль-Ниньо климаттық құбылысының ықпалымен әлемнің көптеген өңірлерінде рекордтық жоғары температуралар тіркелуде. Батыс, Орталық және Оңтүстік Еуропада ауа температурасы тарихи максимумға жетіп, +40...+45°C аралығында болды. Иранда әлемдегі ең жоғары температуралардың бірі – +52,1°C тіркелді. Шілде айында тропикалық ауа массалары Қазақстанға келіп, көптеген өңірлерде ауа температурасы +40...+44°C-қа дейін көтерілді. Өзбекстанда да аптап ыстық сақталуда.

Түркияның Жерорта теңізі жағалауында, әсіресе Анталия қаласында, күндіз ауа температурасы +40...+41°C-қа жетті. Жоғары ылғалдылықтың әсерінен сезілетін температура +50°C-тан асты. АҚШ-тың бірқатар штаттарында да рекордтық ыстық тіркелді.

Сонымен қатар, 2026 жылдың шілде айында Қытайда «Бави» тайфунының салдарынан шамамен 2,8 миллион адам эвакуацияланды. Бангладеште муссондық нөсер жаңбырдан болған ауқымды су тасқыны мен көшкіндер салдарынан кемінде 54 адам қаза тапты. Үндістанның солтүстік және солтүстік-шығыс өңірлерінде болған жойқын су тасқындары мен көшкіндерден кемінде 28 адам көз жұмды.

«Менің ойымша, биыл Эль-Ниньоның әсері Орталық Азияда әлі де сезіледі және өңірдегі жоғары температуралар күз мезгіліне дейін сақталуы мүмкін.

Климаттың өзгеруі жөніндегі ең пессимистік болжамдарымның осыншалықты тез шындыққа айналуы көңілге қаяу түсіреді. Бұл менің тіпті ең күмәнді болжамдарымның өзі шын мәнінде тым оптимистік болғанын көрсетеді. Климаттық өзгерістер адамдар ойлағаннан әлдеқайда жылдам жүріп жатыр. Ал теңіздерден шалғай орналасқан Орталық Азияда бұл өзгерістер одан да жылдам байқалатын болады.

Бір нәрсе анық: жаһандық жылыну қарқыны бәсеңдемесе, болашақта Орталық Азия тұрғындары жаңа климаттық шындық жағдайында өмір сүруге мәжбүр болады. Бұл – тұрақты түрде қайталанатын аптап ыстық толқындары мен экстремалды ауа райы құбылыстарына бейімделуді білдіреді. Сондықтан өңір елдерінің үкіметтері климаттың өзгеруінің халық пен экономикаға тигізетін зардаптарын барынша азайтудың жолдарын қазірден бастап қарастыруы тиіс. Бұған мұқият әрі дәл қазір дайындалу қажет. Уақытты жоғалтуға болмайды», – дейді Орталық Азия климаттық қорының (CACF) ғылыми кеңесшісі, биология ғылымдарының докторы, Кембридждің Орталық Азия жөніндегі форумының мүшесі Темур Юнусов.

E-mail:

office@caclimate.fund

Телефон:

+7 (708) 345-79-71

Адрес:

проспект Мангилик Ел, 11/1, офис 704, Астана, Казахстан

© 2025, Central Asia Climate Foundation. Барлық құқықтар қорғалған

Сайтты Harris Media әзірлеген