2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммитке дайындық мәселелері жоғары деңгейде талқыланды

Баспасөз хабарламасы
2025 жылғы 25 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында 2026 жылы өтетін Өңірлік экологиялық саммитке дайындыққа арналған брифинг өтті. Іс-шара барысында халықаралық ұйымдардың өкілдері Қазақстанның тұрақты дамуға бағытталған қадамдарын және экология мен климат мәселелері бойынша өңірлік диалог алаңын құру жөніндегі бастамасын қолдады.


Брифингті ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі және Орталық Азия Климаттық Қорының Орталық Азиядағы Климаттың өзгеруі мен жасыл энергетика бойынша Жобалық офисі ұйымдастарды.
Іс-шарада Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Умаров құттықтау сөз сөйлеп, саммитке дайындық барысында БҰҰ жүйесімен әріптестіктің маңыздылығын және Қазақстанның экология мен климат мәселелері бойынша өңірлік диалогты бастау жөніндегі ерекше рөлін атап өтті.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев БҰҰ агенттіктерімен әріптестікте және Жобалық офистің белсенді қатысуымен әзірленген, 2026–2030 жылдарға арналған Іс-қимыл бағдарламасының жобасын ұсынды. Жобалық офис бұл үдерістің сараптамалық және ұйымдастырушылық сүйемелдеуін қамтамасыз етеді.
СОР29 Президенті, Әзербайжан Президентінің климат мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Мухтар Бабаев Қазақстан бастамаларын қолдап, Әзербайжанның ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді және өңір үшін жасыл энергетиканы дамытудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
БҰҰ ЕЭК Атқарушы хатшысы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Татьяна Молчан табиғи шешімдердің маңыздылығын атап өтіп, Орталық Азия елдерінің экологиялық қызметінің тиімділігіне өңірлік шолу дайындау бастамасын қолдады.
БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының Нью-Йорктағы кеңсесі басшысының орынбасары Жамиль Ахмад Қазақстан мен өңір елдерінің тұрақты дамуға бағытталған бастамаларын қолдауға дайын екенін растады.
Өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму бағдарламасының Еуропа және ТМД бойынша Өңірлік бюросының директоры Ивана Живкович Қазақстанның өңірдегі көшбасшылығын жоғары бағалап, Каспий теңізі экожүйелерін сақтау мен жер ресурстарын ұтымды пайдалану жобаларының маңыздылығын атап өтті.
Брифинг қорытындысы бойынша БҰҰ жүйесінің агенттіктері 2026–2030 жылдарға арналған Іс-қимыл бағдарламасының жобасын қолдайтынын және өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады. Аталған құжат алдағы Өңірлік экологиялық саммитке дайындық пен оның шешімдерін іске асырудың негізгі құжатына айналмақ.
Еске сала кетсек, Өңірлік экологиялық саммит 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астана қаласында өтеді.