Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің қоршаған орта, климат және экология мәселелері жөніндегі министрлерінің екінші кездесуі Астанада өтеді

2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит (бұдан әрі – ӨЭС) аясында Түркі мемлекеттері ұйымына (бұдан әрі – ТМҰ) мүше мемлекеттердің қоршаған орта, климат және экология мәселелері жөніндегі министрлерінің екінші кездесуі өтеді. Бұл отырыс ТМҰ аясындағы экологиялық диалогты дамытудағы маңызды қадам болып, өңір елдерінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған келісілген тәсілдерді қалыптастыруға ықпал етеді.
Министрлердің екінші кездесуін өткізу бұрын тараптармен келісілген болатын. Қазақстанның бастамасымен аталған отырыс ӨЭС аясында ұйымдастырылып отыр, бұл түркі мемлекеттері үшін экологиялық және климаттық күн тәртібінің өзектілігін көрсетеді.
Іс-шара тек ТМҰ-ға мүше мемлекеттер мен бақылаушылар өкілдерінің қатысуымен жабық форматтағы министрлік кездесу түрінде өтеді. Саммиттің басқа қатысушылары үшін қолжетімділік қарастырылмаған
Отырысты Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Нысанбаев Ерлан жүргізеді.
Іс-шараға Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Асад Маджид Хан, Қырғыз Республикасының табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрі Акыл Токтобаев, Түркия Республикасы Президентінің бас кеңесшісі, Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрінің орынбасары Хасан Сувер, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитет төрағасы Азиз Абдухакимов, Әзербайжан Республикасының экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Рауф Гаджиевтің қатысуы күтілуде.
Кездесу барысында қатысушылар климаттың өзгеруіне бейімделу, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелерін қоса алғанда, экологиялық саясаттың өзекті мәселелерін талқылайды. Тәжірибе алмасуға, ынтымақтастықтың басым бағыттарын келісуге, ортақ экологиялық сын-қатерлерге тиімді шешімдер табуға және тұрақты даму саласындағы бірлескен бастамаларды дамытуға ерекше назар аударылады.