office@caclimate.fund

CACF COP-30 шеңберінде үш сайд-ивенттің теңұйымдастырушысы болады

5215626714979961913


Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі мен жасыл энергетика жөніндегі Орталық Азия климаттық қорының (бұдан әрі – CACF) жобалық кеңсесі 2025 жылғы 10–21 қараша аралығында Бразилияның Белен қаласында өтетін БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қатысушы тараптардың 30-сессиясы (COP-30) аясында үш сайд-ивенттің теңұйымдастырушысы ретінде қатысады. Бұл іс-шаралар 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммитіне (ӨЭС-2026) дайындықтың маңызды кезеңі болмақ.

COP-30 аясындағы алғашқы сайд-ивент – «Климаттың өзгеруінен туындаған көші-қон және Орталық Азиядағы “жасыл” дағдыларды дамыту: Өңірлік экологиялық саммит-2026 жолында» атты тақырыпта өтеді. Іс-шара 15 қараша күні офлайн форматта ұйымдастырылады.

Іс-шараның басты мақсаты – климаттық көші-қон мәселелерін шешудің өңірлік тәсілдерін көрсету, «жасыл» құзыреттерді дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және халықтың бейімделу әлеуетін арттыру арқылы ынтымақтастықтың бағыттарын айқындау. Бұл бағыттар ӨЭС-2026 күн тәртібінде көрініс табатын болады. 

Сайд-ивент шеңберінде Орталық Азия елдері мен Халықаралық көші-қон ұйымының өкілдерінің қатысуымен панельдік пікірталас өтеді. Бағдарламада тақырыптың әртүрлі аспектілерін қамтитын үш мазмұнды баяндама (өңірлік ынтымақтастық, ұлттық тәжірибе, халықаралық қолдау) және интерактивті сұрақ-жауап сессиясы қарастырылған.

Екінші сайд-ивент – «Климаттың өзгеруі, денсаулық және Орталық Азиядағы еңбек өнімділігінің төмендеуі» тақырыбында 18 қараша күні гибридті форматта (онлайн және офлайн қатысу мүмкіндігімен) өтеді.

Іс-шара барысында климаттың өзгеруінің, атап айтқанда, шамадан тыс ыстықтың денсаулыққа, оның ішінде жыныстық және репродуктивтік денсаулыққа, сондай-ақ еңбек өнімділігіне әсері жөніндегі ғылыми шолу ұсынылады. Сессияда бейімделу және орнықтылықты арттыру жолдары, денсаулық сақтау жүйесінің дайындық шаралары, еңбеккерлерді қорғау тетіктері мен гендерлік тұрғыдан сезімтал саясаттар талқыланады. Сондай-ақ ғалымдар, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту арқылы бірлескен іс-қимыл мен бейімделу шараларын дамыту мәселелері қаралады.

Үшінші сайд-ивент – «Ормандар мен жердің деградациясы: үш Рио конвенциясының синергиясы және жаһандық шешімдерге Орталық Азияның үлесі» тақырыбында 19 қараша күні гибридті форматта өтеді. 

Іс-шараның ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен CACF. Талқыланатын негізгі тақырыптар: 

- Үш Рио конвенциясының мақсаттарын ұлттық және өңірлік деңгейде интеграциялау тәжірибесі (Орталық Азияға баса назар аудара отырып);

- Тозған жерлерді қалпына келтірудегі табиғатқа негізделген шешімдердің рөлі;

- Ормандар мен жерлерді қалпына келтіру және биологиялық әртүрлілікті сақтау саласындағы инвестицияларды жұмылдыру;

- Өңірлік бастамаларды COP-30 аясындағы жаһандық іс-қимыл бағдарламасына енгізу мүмкіндіктері.

Алдағы сессиялар тәжірибе алмасу мен өңірлік іс-қимылдарды келісу алаңы ғана емес, сонымен қатар ӨЭС-2026 қорытынды құжаттарына енгізілетін ұсынымдарды әзірлеуге де ықпал етеді деп күтілуде. 

Бұған дейін хабарланғандай, Өңірлік экологиялық саммит 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астана қаласында өтеді. Саммит барысында Орталық Азия елдерінің экологиялық мәселелері мен оларды шешу жолдары талқыланатын болады.

E-mail:

office@caclimate.fund

Телефон:

+7 (708) 345-79-71

Адрес:

проспект Мангилик Ел, 11/1, офис 704, Астана, Казахстан

© 2025, Central Asia Climate Foundation. Барлық құқықтар қорғалған

Сайтты Harris Media әзірлеген