Қазақстанда атмосфераға және су объектілеріне ластаушы заттар эмиссиясы 3,4 млн тоннаны құрады

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпараты бойынша, 2025 жылы Қазақстанда ластаушы заттар эмиссиясының нақты көлемі: атмосфераға шығарындылар – 2,3 млн тонна, су объектілеріне төгінділер – 1,1 млн тоннаны құрады.
Аталған эмиссия көлемі 2025 жылға белгіленген лимиттен айтарлықтай төмен екенін атап өту қажет: атмосфераға шығарындылар (газдар, аэрозольдер, шаң) бойынша – 4 млн 13 мың тонна, ал су объектілеріне (өзендер, көлдер, теңіздер, жерасты сулары) немесе кәріз жүйелеріне (сұйықтықтар, сарқынды сулар) төгінділер бойынша – 2 млн 341 мың тонна.
Бұл ретте атмосфераға шығарындылардың ең үлкен көлемі Павлодар облысына тиесілі – 698,1 мың тонна (лимит – 989,1 мың тонна), бұл республика бойынша жалпы көлемнің шамамен үштен бірін құрайды. Екінші орында Қарағанды облысы – 471 мың тонна (лимит – 685,6 мың тонна). Атмосфераны ластау бойынша алғашқы үштікті Ақтөбе облысы түйіндейді – 153,75 мың тонна (лимит – 223,3 мың тонна).
Су объектілеріне төгінділердің ең үлкен көлемі Ұлытау облысында – 253 мың тонна (лимит – 304,1 мың тонна), Қарағанды облысында – 161 мың тонна (лимит – 317,1 мың тонна) және Қостанай облысында – 114,5 мың тонна (лимит – 449 мың тонна) тіркелді.
Атмосфераға шығарындылардың ең төмен көлемі Жетісу облысында – 10,05 мың тонна, ал су объектілеріне немесе кәріз жүйелеріне төгінділердің ең төмен көлемі Алматы қаласында (0 мың тонна) байқалды.