office@caclimate.fund

Қазақстан жастары климаттың өзгеруі мәселелерін талқылады

DSC 0768 Улучшено Ум. шума


Орталық Азия климаттық қорының (CACF) қолдауымен Астана қаласында Қазақстан Республикасындағы климаттың өзгеруі мәселелері бойынша 2026 жылғы Ұлттық жастар конференциясы (LCOY Kazakhstan 2026) өтті. Іс-шара қорытындысы бойынша жас белсенділер климаттық іс-қимылдар және Қазақстанның климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі жаңа ұлттық жоспары – NDC 3.0-ды іске асыру мәселелері бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

Конференция 2026 жылғы 28–29 тамызда Назарбаев Университетінде өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес сектордың өкілдері, сарапшылар және жастар қатысты.

Іс-шараның негізгі ұйымдастырушылары – «Climate for Us» және «Sustainable Development Solutions Network Youth Kazakhstan» студенттік ұйымдары. Олар CACF-пен серіктестікте, Назарбаев Университетінің, Нархоз Университетінің, NU Impact Foundation қорының, Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының (UNICEF) Қазақстандағы өкілдігінің және Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының (GIZ) қолдауымен конференцияны өткізді.

«Климаттың өзгеруі – күн өткен сайын өзектілігі артып келе жатқан мәселе. Биыл көптеген елдердің, соның ішінде Қазақстан тұрғындарының басынан өткеріп отырған қалыптан тыс ауа райы құбылыстары – соның айқын дәлелі.

Бұл мәселеге тек ғалымдар мен мемлекеттік қайраткерлер ғана емес, жастардың да назар аударуы аса маңызды. Өйткені жаңа климаттық шындықта өмір сүруге тура келетін – болашақ ұрпақ. CACF сарапшылары болып жатқан үдерістерді зерттеп, талдау жұмыстарын жүргізеді. Біз климаттың өзгеруінің халық пен экономикаға тигізетін әсерін барынша азайтуға бағытталған жастар бастамаларын әрдайым қолдауға дайынбыз», – деді Орталық Азия климаттық қорының бас атқарушы директоры Ерлік Қаражан.

Конференцияның негізгі мақсаттары:

● Қазақстан жастарына климаттың өзгеруі және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы тәжірибе, идеялар мен бастамалармен алмасу үшін инклюзивті әрі қолжетімді платформа ұсыну;

● Білім беру семинарлары, тренингтер және әлеуетті арттыру бағдарламалары арқылы ұлттық жастар желісін нығайту;

● Қазақстанда климаттың өзгеруі, қоршаған ортаны қорғау және Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу бағыттарында жұмыс істейтін студенттік ұйымдарды құруға және дамытуға ықпал ету;

● Жастардың халықаралық климаттық келіссөздер туралы хабардарлығын арттыру, оның ішінде БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына (БҰҰ КӨНК), Париж келісіміне және Антальяда (Түркия) өтетін Климаттың өзгеруі туралы БҰҰ негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясына (COP31) ерекше назар аудару;

● Климаттық іс-қимылдар және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелері бойынша жастар, азаматтық қоғам ұйымдары мен мемлекеттік органдар арасындағы ұрпақаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ету.

«LCOY – бүгінде БҰҰ КӨНК жастар бағытының аясында әлемнің 100-ге жуық елінде өтіп жатқан жаһандық жастар үдерісі. Бұл «жастар – жастар үшін» қағидатына негізделген және толығымен жастардың өздері ұйымдастыратын үдеріс. Қазақстанның осы жаһандық қозғалысқа белсенді қатысып, Орталық Азиядағы ең жоғары нәтижелердің бірін көрсетіп отырғанына қуаныштымын. Былтыр еліміздің әр өңірінен шамамен 50 жасты тарта алдық, биыл олардың саны сәл аз болды. Біз үшін LCOY-дің өңіріне, тәжірибесіне немесе белсенділік деңгейіне қарамастан, климат мәселесіне қызығушылық танытатын барлық жастар үшін ашық алаң болып қалуы маңызды. Қатысушылардың өз бастамаларын дамытуы мен жүзеге асыруына жаңа мүмкіндіктер жасау үшін барлық қолжетімді мүмкіндіктерді пайдалануға тырысамыз», – деді LCOY Kazakhstan 2025 және 2026 үйлестірушісі Алимхан Абулхан.

«Үйлестіруші әрі жастар өкілі ретінде қатысушылардың өз қабілеттерін ашып, пікірлес адамдарды тауып, өз идеяларын дамытып жатқанын көру мен үшін өте құнды. Біз үшін LCOY-дің басты мақсаты – жастар тек жаңа білім алып қана қоймай, сонымен қатар жас ұрпақтың энергиясы мен күшін пайдалана отырып, Қазақстанның климаттық күн тәртібіне ықпал ете алатын платформа құру. Мысалы, LCOY аясында NDC Partnership Kazakhstan ұйымымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының NDC 3.0 іске асыру жоспары бойынша жастармен консультация өткізілді. Оның қорытындысы бойынша жастардың ұсыныстары ресми деңгейде ескерілетін болады», – деп атап өтті LCOY Kazakhstan 2026 үйлестірушісі Балнұр Баймағамбет.

Конференцияның екі күндік жұмысы барысында 1 жоғары деңгейдегі сессия, түрлі тақырыптарға арналған 5 сессия және 5 практикалық воркшоп өткізілді.

Конференция қорытындысы бойынша:

● Қазақстан жастарының климаттық іс-қимылдар және NDC 3.0-ды іске асыру мәселелері бойынша ұсыныстарын қамтитын Климаттың өзгеруі мәселелері бойынша Ұлттық жастар мәлімдемесі әзірленді;

● Қазақстан Республикасының NDC 3.0 іске асыру жоспары бойынша консультациялар аясында жастар өкілдерімен фокус-топ өткізілді;

● Қазақстанның барлық өңірінен 80 жас өкілін біріктіретін білім және тәжірибе алмасу, әлеуетті дамыту платформасы құрылды;

● Қазақстанда климаттың өзгеруі, қоршаған ортаны қорғау және ТДМ бағыттарында жұмыс істейтін немесе осы салаларда жұмыс істеуді жоспарлап отырған 6 студенттік ұйым мен жастар жобасына қолдау көрсетілді.

E-mail:

office@caclimate.fund

Телефон:

+7 (708) 345-79-71

Адрес:

проспект Мангилик Ел, 11/1, офис 704, Астана, Казахстан

© 2025, Central Asia Climate Foundation. Барлық құқықтар қорғалған

Сайтты Harris Media әзірлеген