Алматыда ӨЭС-2026-ға дайындық мәселелері талқыланды

Алматыдағы Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты алаңында «Жасыл серпін: 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммитке қарай» атты диалог алаңы өтті. Іс-шара барысында 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммитіне (бұдан әрі – ӨЭС-2026) дайындық мәселелері және оның күн тәртібі талқыланды. Шараның мақсаты – Орталық Азияда орнықты даму тәсілдерін қалыптастыру, тиімді тәжірибелермен алмасу және жасыл экономиканы ілгерілету үшін мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіру.
Диалог алаңы Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты мен Орталық Азия климаттық қорының ұйымдастыруымен, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің, ҚР ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілді.
Талқылауға мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдар, бизнес-қоғамдастық, үкіметтік емес сектор, ESG және консалтинг саласының мамандары, сондай-ақ сарапшылар қатысты.
Диалог барысында қаржы секторы мен реттеуші бастамалардың климаттық мақсаттарға жетудегі рөлі, көміртектік трансформация және жасыл экономикаға көшу мәселелері, қалдықтарды басқару мәселелері қарастырылды, сондай-ақ анти-гринвошинг бойынша мастер-класс пен панельдік пікірталас өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша ӨЭС-2026 үшін ұсыныстар жобасы әзірленді.
Бұған дейін хабарланғандай, 2026 жылғы 22–24 сәуірде Астанада Орталық Азия елдерінің проблемалары мен оларды шешу жолдары талқыланатын Өңірлік экологиялық саммит өткізу жоспарлануда.


