Соңғы жылдары Ақтөбе қаласында ауа сапасының ластану деңгейі өте жоғары

Соңғы 10 жылдың ішінде Ақтөбе қаласында ауа сапасының ластану деңгейі тек екі рет – «төмен» және «жоғарылаған» деңгейде бағаланған. Ал 2016, 2018–2019 және 2021 жылдары ластану «жоғары» деңгейде болса, 2020, 2022–2024 жылдары – «өте жоғары» деңгейде тіркелген. 2023–2024 жылдар аралығында облыс орталығында зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының (бұдан әрі – ШРК) 4,9 мыңнан астам асу дерегі анықталды.
Ақтөбе қаласы Батыс Қазақстанда, Подураль жазығының орталық бөлігінде орналасқан, күрт континенттік климатымен ерекшеленеді. Мұнда тәуліктік, маусымдық және жылдық ауа температурасының ауытқуы өте жоғары.
Қаланың өнеркәсібі хромит, гипс, құрылыс құмы, құм-қиыршықтас қоспалары, керамзит сазы, суглинок, құрылыс тастары, әктас, минералды сулар және тұздар кен орындарымен тығыз байланысты.
Ақтөбе облыс орталығындағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға «Қазхром»ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Ақтөберентген» АҚ, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ жатады. Ферроқорытпа зауыты Қазақстандағы ферроқорытпаның 22%-ын өндіреді. Ал хром қосындылары зауыты — елдегі хром тотығын, хром ангидридін, илеу заттарын және натрий дихроматын шығаратын жалғыз кәсіпорын. Бұған қоса, қалада бірқатар азық-түлік өнеркәсібі нысандары бар.
Алайда ауа сапасына ең үлкен жүктеме кәріз-тазарту құрылыстары, бұрынғы ет комбинатының алқаптарында орналасқан спирт өндірісінің қалдықтары (барда), «Ақтөбе Таза Қала» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны және ескі қоқыс полигоны объектілерінен түседі.
Ақтөбе қаласының атмосфералық ауасының жай-күйі 6 стационарлық бақылау постында мониторингтен өтеді:
- 3 стационарлық постта тәулігіне төрт рет қолмен сынама алу келесі 12 көрсеткіш бойынша жүргізіледі: 1) қалқыма бөлшектер (шаң), 2) азот диоксиді, 3) күкірт диоксиді, 4) азот оксиді, 5) көміртек оксиді, 6) күкіртсутек, 7) формальдегид, 8) хром (+6), 9) бензол, 10) этилбензол, 11) толуол, 12) ортаксилол;
- 3 автоматты мониторинг станциясында әр 20 минут сайын келесі 7 көрсеткіш тіркеледі: 1) қалқыма бөлшектер (шаң), 2) күкіртсутек, 3) формальдегид, 4) азот оксиді, 5) күкірт диоксиді, 6) азот диоксиді, 7) көміртек оксиді.
Ауа сапасын бағалау үшін екі индекс қолданылады:
- Атмосфераны ластаудың индексі (бұдан әрі – АЛИ) — негізгі ластаушы заттардың орташа тәуліктік немесе орташа жылдық концентрацияларын және олардың адам денсаулығына әсерін есепке алатын көрсеткіш. Созылмалы ластану деңгейін анықтауға мүмкіндік береді;
- Стандартты индекс (бұдан әрі – СИ) — ластаушы заттың бір реттік ең жоғары концентрациясының оның шекті рұқсат етілген мөлшеріне қатынасы. Бұл көрсеткіш қаланың немесе жеке посттың ең уытты ластаушысын анықтауға қолданылады.
«Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес, Ақтөбе қаласында атмосфералық ауаның ластану деңгейі 2015 жылы – «төмен», 2017 жылы – «жоғарылаған», 2016, 2018–2019 және 2021 жылдары – «жоғары» деңгейде бағаланған. Ал 2020, 2022–2024 жылдары Стандартты индекс бойынша ластану деңгейі СИ = 13,5–21,3 (өте жоғары) мәндеріне жеткен.
2023 жылы мониторинг посттарында 2616, ал 2024 жылы 2342 ШРК асу дерегі тіркелген. Ең көп таралған ластаушылар – күкіртсутек, азот диоксиді, көміртек және азот оксидтері.
Бұған дейін хабарланғандай, 2026 жылғы 22–24 сәуірде Астанада Орталық Азия елдерінің экологиялық мәселелері мен оларды шешу жолдары талқыланатын Өңірлік экологиялық саммит өтеді.