Орталық Азия елдері ауаны тазарту мәселелері бойынша өзара іс-қимылды күшейтеді

2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит (бұдан әрі – ӨЭС) аясында Орталық Азиядағы ауа сапасы саясаты мәселелері бойынша екінші өңірлік жоғары деңгейдегі диалог өтеді. Іс-шара өңір елдерінің экология министрлері мен халықаралық серіктестерін біріктіріп, ауа сапасы саласында келісілген күн тәртібін қалыптастыруға бағытталған.
Іс-шараны Өзбекстан Республикасының Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитеті, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) және Дүниежүзілік банк ұйымдастырады. Диалог 23 сәуірде өтеді. Кездесуге Орталық Азия елдерінің табиғатты қорғау ведомстволарының басшылары, Әзербайжан мен Жапония өкілдері, сондай-ақ халықаралық және қаржы ұйымдары қатысады. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, ЮНЕП Атқарушы директоры Ингер Андерсен мен Дүниежүзілік банктің қоршаған орта жөніндегі жаһандық директоры Валери Хикидің сөз сөйлеуі күтілуде.
Ауа сапасының ластануы Орталық Азиядағы экология және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Ол көбінесе трансшекаралық сипатқа ие ортақ көздермен байланысты, атап айтқанда қазба отынды жағу, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ жиілеп келе жатқан құмды және шаңды дауылдар. Орталық Азия елдері ұлттық деңгейде ауа сапасын басқару жүйелерін нығайтуда белгілі бір ілгерілеуге қол жеткізгеніне қарамастан, мәселенің өңірлік сипаты үкіметаралық ынтымақтастықты күшейтуді талап етеді.
Алдағы диалог 2024 жылы Ташкент қаласында өткен бірінші кездесуде басталған талқылаулардың жалғасы болады. Оның аясында Орталық Азияның ауа сапасы жөніндегі үкіметаралық коалиясын құру туралы ресми түрде жариялау күтілуде. Бұл бастама Өзбекстан тарапынан ұсынылған. Жаңа коалиция трансшекаралық ауа ластануымен күресте өңір елдерінің күш-жігерін үйлестіру, тәжірибе алмасу және бірлескен шешімдер әзірлеу үшін платформа болмақ.
Сессия жұмысы БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі ассамблеясының (ЮНЕА) ауа сапасын жақсарту бойынша өңірлік ынтымақтастық туралы 6/10 қарарына негізделеді және БҰҰ ЕЭК-тің ұзақ қашықтыққа таралатын трансшекаралық ауа ластануы туралы конвенциясымен (КТЗАБЛ) байланысты болады. Сонымен қатар талқылау барысында Орталық Азия бойынша Экологиялық қызметтің нәтижелілігін өңірлік шолу (ОРЭД) деректері мен Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы ауа сапасы жөніндегі жаңа өңірлік есебі пайдаланылатын болады.