office@caclimate.fund

Климаттың өзгеруінің Орталық Азия халқының денсаулығына әсері COP-30 аясында талқыланды

27b47a32 3f94 4cd0 bb37 1648dcde3c37


Бразилияның Белен қаласында өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына мүше тараптардың 30-сессиясы (COP-30) аясында «Климаттың өзгеруі, денсаулық және Орталық Азиядағы еңбек өнімділігінің төмендеуі» тақырыбында сайд-ивент өтті. Іс-шараның тең ұйымдастырушысы Орталық Азия климаттық қорының Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Орталық Азияға арналған Жобалық офисі (бұдан әрі – CACF) болды. Оған мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Қатысушылар көтерілген мәселенің өзектілігін атап өтіп, климаттың өзгеруінің денсаулық пен еңбек өнімділігіне кері әсерін төмендету жөнінде практикалық ұсынымдар әзірледі, сондай-ақ бұл тұжырымдарды 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммитке (бұдан әрі – ӨЭС-2026) дайындық процесіне енгізу тәсілдерін талқылады.

Сайд-ивентке Қазақстан мен Тәжікстанның табиғат қорғау ведомстволарының өкілдері, БҰҰ Халық саны қоры (UNFPA), PIK, Гейдельберг университеті, БҰҰ университеті және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.

Талқылау барысында Орталық Азия климаттың өзгеруіне ең осал өңірлердің бірі екендігі және бұл аймақтағы жылыну қарқынының жаһандық орташа көрсеткіштен едәуір жоғары екендігі атап өтілді. Сарапшылардың бағалауынша, жедел шаралар қабылданбаған жағдайда, ғасыр соңына қарай Орталық Азияның кейбір өңірлерінде температура 5-6°C-қа дейін көтерілуі мүмкін.

Қатты құрғақшылықтар мен су ресурстарының маусымдық тапшылығы гидроэнергетика мен суару жүйелеріне жүктемені арттырып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақтылығына елеулі қауіп төндіруде. 

Климаттың өзгеруі сонымен қатар адам денсаулығы мен еңбек өнімділігіне төнетін өсіп келе жатқан, бірақ жеткілікті зерттелмеген қатерге айналуда. Экстремалды ыстық жағдайлары жиілеп, жылу әсерінен туындайтын аурулармен (жылу әлсіреуі, күн өту), сусызданумен, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесінің бұзылуларымен, психикалық денсаулық проблемаларымен байланыстырылуда. Ғылыми зерттеулер климаттың өзгеруінің жыныстық және репродуктивтік денсаулыққа, соның ішінде аналар мен нәрестелердің денсаулығына тікелей әсерін де атап өтуде.

Еңбек өнімділігі, әсіресе ашық ауада жұмыс істеуді талап ететін салаларда (құрылыс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласы), экстремалды ыстық кезеңдерінде айтарлықтай төмендейді. Сонымен қатар гендерлік теңсіздік байқалады: бейресми жұмыспен қамтылғандар, әсіресе әйелдер мен көшедегі саудагерлер, сондай-ақ балалар мен қарттар қорғаныс инфрақұрылымына, салқындату жүйелеріне немесе еңбек қауіпсіздігі шараларына қолжетімділіктің шектеулі болуына байланысты жылу стрессіне анағұрлым ұшырағыш келеді.

Қазақстан мен Тәжікстан өкілдері жылу стрессінің денсаулыққа әсеріне қатысты дәлелді деректердің шектеулілігі аймақтағы үкіметтер деңгейінде тиісті саясатты әзірлеуді қиындататынын атап өтті.

Іс-шарада климаттың өзгеруінің, соның ішінде экстремалды ыстықтың, денсаулық пен еңбек өнімділігіне әсері жөніндегі ғылыми шолу ұсынылды. Сондай-ақ бейімделу мен тұрақтылықты арттыру жолдары, денсаулық сақтау жүйесінің дайындық шаралары, еңбек қорғау тетіктері және гендерлік бағдарланған саясаттар талқыланды.

Қатысушылар зерттеушілер, мемлекеттік органдар және халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге, бірлескен іс-қимылдар мен бейімделу шараларын ынталандыруға уағдаласты.

Сайд-ивент қорытындысы бойынша Орталық Азия елдерінің үкіметтеріне, халықаралық ұйымдарға және зерттеу институттарына арналған климаттың өзгеруінің денсаулық пен еңбек өнімділігіне теріс әсерін азайтуға бағытталған, сондай-ақ осы тұжырымдарды ӨЭС-2026-ға дайындық процесіне енгізу жөніндегі практикалық ұсынымдар топтамасы әзірленді.

Бұған дейін хабарланғандай, Өңірлік экологиялық саммит 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Астана қаласында өтеді, онда Орталық Азия елдерінің экологиялық мәселелері мен оларды шешу жолдары талқыланатын болады.

E-mail:

office@caclimate.fund

Телефон:

+7 (708) 345-79-71

Адрес:

проспект Мангилик Ел, 11/1, офис 704, Астана, Казахстан

© 2025, Central Asia Climate Foundation. Барлық құқықтар қорғалған

Сайтты Harris Media әзірлеген