ЭЫҰ шеңберіндегі экологиялық ынтымақтастық платформасы бойынша жоғары деңгейдегі 1-ші диалог

Өңірлік экологиялық саммит аясында Экономикалық ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі экологиялық ынтымақтастық платформасы бойынша алғашқы жоғары деңгейдегі диалог өтті. Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Түркменстан, Өзбекстан және Түркия, сондай-ақ БҰҰ өкілдері қатысты.
Орталық Азия елдері біздің мемлекеттеріміздің тұрақты дамуына және адамдардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін ортақ экологиялық проблемаларға бейім.
«Климаттың өзгеруі, мұздықтардың еруі, су тапшылығы, жерлердің деградациясы және биоалуантүрліліктің жоғалуы біздің елдеріміздің тұрақты дамуына және адамдардың өмір сүру сапасына қазірдің өзінде тікелей әсер етіп жатыр. Сондықтан экологиялық ынтымақтастық біріктіруші күн тәртібі болып қалуы тиіс. Қазақстан ЭЫҰ аясында бірлескен экологиялық бастамаларды ілгерілету үшін бізде жақсы мүмкіндіктер бар деп санайды», - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Қазақстан экожүйелерді қалпына келтіру және Арал теңізі дағдарысының салдарларымен күрес жұмыстарын жүргізіп жатыр. Арал теңізінің тартылуы қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына айтарлықтай әсер етуді жалғастыруда. Жыл сайын атмосфераға 100 млн тоннаға дейін шаң көтеріліп, өзімен бірге тұзды қоспалар мен улы пестицидтердің қалдықтарын таратады, бұл жақын маңда тұратын адамдардың денсаулығына қауіп төндіреді.
Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша Арал теңізінің құрғаған табанында орман-мелиорациялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. 2021 жылдан бастап 1 млн гектардан сәл астам алқапқа сексеуіл отырғызылды.
«Біз бұл саладағы Өзбекстанмен ынтымақтастықты да жоғары бағалаймыз. Фито-орман-мелиорация бойынша тәжірибе мен технологиялармен алмасу қазірдің өзінде практикалық нәтижелер беруде және бірлескен іс-қимылдардың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр», - деді министр.
Бүгінде Қазақстан 2027 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызу міндетін іске асыруда. Сондай-ақ «Орталық Азияның жасыл қалқаны» өңірлік бастамасын іске қосу жоспарланып отыр.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттерді осы бастамаға қосылуға шақырамыз», - деді Ерлан Нысанбаев.
Екінші бағыт – Каспий теңізін сақтау және ғылыми ынтымақтастықты дамыту. Соңғы жылдары Каспий теңізі деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалып отыр. Бұл бүкіл өңір үшін елеулі экологиялық, экономикалық және әлеуметтік тәуекелдер тудырады. Каспий теңізін сақтау ортақ басымдық пен ұзақ мерзімді халықаралық ынтымақтастық мәселесіне айналуы тиіс. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанда Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты жұмыс істей бастады.
«Каспийдің таязлану себептерін, соның ішінде климаттық, гидрологиялық және антропогендік факторларды зерттеу үшін елдеріміздің ғылыми әлеуетін біріктіруді ұсынамыз. Мұндай тәсіл бейімделу, теңіз экожүйелерін сақтау және жағалаудағы аумақтарды тұрақты басқару бойынша неғұрлым келісілген шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті министр.
Үшінші бағыт – циркулярлы экономиканы ілгерілету және қалдықтарды тұрақты басқару. ЭЫҰ елдері бұл күн тәртібін, соның ішінде СОР29 аясында Бакуде іске қосылған РЕСКЬЮ өңірлік бастамасы шеңберінде ілгерілету үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Циркулярлы экономиканың негізгі элементтерінің бірі қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесі болып табылады. Қазақстанда қалдықтардың барлық түрлерін басқарудың 2026 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, ол негізінен көмуден неғұрлым заманауи және ресурсты үнемдейтін модельге көшуді қарастырады.
«Мәселелеріміздің бәрі бірдей екенін көріп отырмыз. Дүниежүзілік банк есептеулері бойынша, климаттың өзгеруіне байланысты түрлі себептерден келетін залал бүгінде бізге өңірлік ІЖӨ-нің 5%-ын құрайды. Бұл айтарлықтай көрсеткіш. Біздің қазір қандай да бір практикалық іс-қимылдарды бастауға мүмкіндігіміз бар», - деді Өзбекстан Республикасы Президентінің экология мәселелері жөніндегі кеңесшісі – Өзбекстан Республикасының Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитетінің төрағасы Азиз Абдухакимов.
Кездесудің күтілетін нәтижелеріне қатысушы елдер позицияларының негізгі түйісу нүктелерін көрсететін қорытынды түйіндемені дайындау, сондай-ақ ЭЫҰ шеңберіндегі алдағы жұмыс үшін негізгі тақырыптық бағыттарды бейресми түрде айқындау кіреді.