ӨЭС 2026 аясында Орталық Азиядағы мұздықтардың еруіне байланысты мәселелер талқыланады

Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (бұдан әрі – ЮНЕСКО), Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит (бұдан әрі – ӨЭС) аясында мұздықтардың жедел еруінен туындаған мәселелерді шешу үшін Орталық Азия елдерінің бірлескен іс-қимылдарын әзірлеуге арналған сессия өткізеді.
«Орталық Азия криосферасы: ғылыми бағалаудан климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі бірлескен іс-қимылдарға дейін» атты өңірлік сессия 23 сәуірде өтеді. Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықта жүзеге асырылып жатқан ЖЭҚ–БҰҰДБ–ЮНЕСКО криосфера жөніндегі жобасы аясында ұйымдастырылатын іс-шараға өңір елдерінің мемлекеттік органдарының өкілдері, халықаралық ұйымдар және сарапшылар қатысады.
Орталық Азияда мұздықтардың жедел еруі байқалуда. Жоғары шығарындылар сценарийі (SSP5-8.5) жағдайында 2100 жылға қарай өңір мұздық қоры көлемінің 85%-ына дейін жоғалтуы мүмкін. Бұл су ресурстарына, инфрақұрылымға және халыққа түсетін қысымды күшейтеді, сондай-ақ табиғи апаттар, оның ішінде мұздық көлдердің жарылуы қаупін арттырады. Бұл үдерістер өңірлік сипатқа ие болғандықтан, елдерге келісілген шешімдер қажет.
Сессия биік таулы экожүйелердегі өзгерістер мен өңірдің сумен қамтамасыз етілуі арасындағы байланысқа арналады. Оның аясында Орталық Азия елдерінің өкілдері криосфера компоненттерін (мұздықтар, қар жамылғысы және көпжылдық тоң) мониторингтеу мен зерттеу бойынша мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Бірлескен субөңірлік іс-қимыл бағдарламасын (бұдан әрі – БСІБ) талқылайды.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстан бастамашылық еткен ӨЭС мақсаттарына қол жеткізуге үлес қосу және криосфера жөніндегі БСІБ-ті мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға, өңірлік деңгейде экологиялық шешімдерді іске асыруға ортақ тәсілді келісуге, сондай-ақ Орталық Азиядағы климаттың өзгеруінің криосфера мен су ресурстарына әсерін бағалаудың нақты құралдарын ұсынуға бағытталған экологиялық зерттеулерді іске қосу жөніндегі нақты бастамалар мен бірлескен іс-қимыл тетіктерінің бірі ретінде ұсыну болып табылады.
Орталық Азия елдерінің БСІБ-ті қолдауға арналған Бірлескен мәлімдемесін таныстыру күтілуде, содан кейін елдердің тағайындалған өкілдері БСІБ-ке қатысты ресми ұстанымдарын білдіреді. Бірлескен мәлімдеме БСІБ-ті іске асыруға донорларды, халықаралық қаржы институттарын, елдердің бюджеттік қаржыландыруын және жеке секторды тартудың бастапқы нүктесіне айналады.