CACF пен ESGQ рейтингтік агенттігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Орталық Азия климаттық қорының (CACF) бас директоры Ерлік Қаражан мен ESGQ рейтингтік агенттігінің директоры Гүлмира Исмағұлова ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде CACF жобаларына ESGQ-дің ESG жетілу деңгейін бағалау әдіснамасын қолдануды, климаттық тәуекелдерді бағалау әдіснамаларын әзірлеуді, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азиядағы бизнес пен мемлекеттік органдарға арналған бірлескен аналитикалық және білім беру өнімдерін жасауды айқындады.
Меморандум тұрақты даму, ESG, қоршаған орта мен климаттық тәуекелдерді басқару, сондай-ақ Орталық Азияда цифрлық құралдарды дамыту салаларында сараптамалық-аналитикалық, әдіснамалық, білім беру және ақпарат алмасу бағыттарындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.
Тараптар келесі бағыттар бойынша ынтымақтасуды жоспарлап отыр:
- сараптамалық-аналитикалық қызмет: ESGQ сарапшыларының CACF-тің «Жасыл сараптамалық орталығы» (Green Think Tank) мен сарапшылар желісінің жұмысына қатысуы, ESG және климаттық тәуекелдерді бағалау әдіснамаларын бірлесіп әзірлеу, сондай-ақ аналитикалық шолулар мен жыл сайынғы өңірлік есептерді дайындау;
- ESG күн тәртібін дамыту: халықаралық стандарттар (IFRS S1, IFRS S2, GRI, SASB) негізінде компаниялардың, өңірлер мен жобалардың ESG жетілу деңгейін бағалау үшін ESGQ әдіснамасын қолдану;
- білім беру қызметі: CACF оқу орталығы базасында бірлескен ESG бағдарламаларын, курстар мен тренингтерді өткізу; сарапшылар қауымдастығының әлеуетін арттыру; жастар мен студенттерді тұрақты даму бастамаларына тарту;
- цифрландыру: ESG деректерін жинауға және талдауға, сондай-ақ тәуекелдерді бағалауға арналған цифрлық құралдарды (соның ішінде жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы) әзірлеу; - іс-шаралар және халықаралық ынтымақтастық: бірлескен стратегиялық және сараптамалық сессиялар; өңірлік және халықаралық форумдарға (соның ішінде 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммит пен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясына (COP) қатысты бастамаларға), сондай-ақ халықаралық байқаулар мен гранттық бағдарламаларға қатысу.
CACF пен ESGQ арасындағы ынтымақтастық бірлескен бастамалар, жобалар мен іс-шаралар; ақпараттық, аналитикалық және әдіснамалық материалдармен алмасу; консультациялар мен сараптамалық талқылаулар; сондай-ақ сарапшыларды өзара тарту және бірлескен жұмыс топтарын құру арқылы жүзеге асырылады. Бұл меморандум корпоративтік ESG жетілу деңгейін бағалауға арналған ESGQ әдіснамасын қолдану жөніндегі талқылаулар барысында басталған серіктестікті ресмилендіреді.
Еске сала кетейік, ESG – бұл компанияның қоршаған ортаға, қоғамға және басқару жүйесіне тигізетін әсерін ескеретін бизнес стандарттарының жиынтығы. Бұл аббревиатура Environmental (қоршаған орта), Social (әлеуметтік сала) және Governance (басқару) сөздерінен құралған.
Орталық Азия климаттық қоры (CACF) – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында жариялаған бастамасын іске асыру аясында 2024 жылғы 22 ақпанда құрылған Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі Орталық Азия жобалық кеңсесінің заңды тұлғасы ретінде қызмет етеді. CACF миссиясы – саясатты, инновацияларды және серіктестікті қолдау арқылы Орталық Азияда климаттық трансформацияны жеделдету.
ESGQ рейтингтік агенттігі 2022 жылы құрылған және Орталық Азиядағы ESG бағытындағы алғашқы рейтингтік агенттік болып табылады. Агенттік өзінің меншікті әдіснамасын (авторлық құқықпен қорғалған тіркелген еңбек) қолдана отырып, ESG-скоринг пен тәуекелдерді бағалауды жүргізеді, ESG-профильдерін әзірлейді, компанияларға тұрақты даму стратегиялары мен қаржылық емес есептілікті жасауда көмек көрсетеді, сондай-ақ оқыту бағдарламаларын іске асырады. ESGQ – БҰҰ Жаһандық шартының (UN Global Compact) қатысушысы.