«Болашақ ұрпақты қорғау: денсаулық – экологиялық күн тәртібінің өзегінде. Арал теңізі бассейнінен алынған сабақтар мен шешімдер»

Өңірлік экологиялық саммит аясында Аралдың тартылу проблемасына арналған сессия ұйымдастырылды. Шара қоршаған ортаның жай-күйі мен қоғамдық әл-ауқат арасындағы маңызды өзара байланысты талқылау үшін Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау министрлерін, бейінді ведомстволар басшыларын және халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірді.
Пан-еуропалық Климат және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы, Исландияның экс-Премьер-министрі Катрин Якобсдоттир және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) климат және денсаулық сақтау жөніндегі арнайы өкілі Робб Батлер экологиялық апат аймағында болды. Олар өз бақылауларымен бөлісті.
«Бұл апаттың халықтың денсаулық жағдайына әсері өте ауқымды болды. Адамдар құрамында пестицидтер мен тұзы бар шаңмен тыныстады. Соның салдарынан қатерлі ісік пен респираторлық аурулардың өсімі байқалады. ЮНИСЕФ балалардың50%-на дейінгі бөлігінде созылмалы респираторлық аурулар бар екенін атап өтуде. Арал өңіріндегі балаларда анемия жағдайлары басқа аймақтарға қарағанда2,5 есе жоғары, ал әйелдерде бұл көрсеткіштер 2,7 есе жоғары. Жүкті әйелдердің 85%-ы анемиядан зардап шегеді. Онкологиялық, жүрек-қан тамырлары және респираторлық аурулардың болуына байланысты психикалық денсаулық проблемалары да туындауда», - деп атап өтті Робб Батлер.
Ол ДДСҰ бұрын-соңды болмаған саяси қолдауы бар жол картасын іске қосатынын хабарлады.
«Қарақалпақстандағы барлық аурулардың 70%-на дейіні – су арқылы таралатын аурулар. Біз медициналық ұйымдардағы судың сапасын жақсарту бойынша жұмыс істейтін боламыз. Ауа сапасының мониторингін жақсартамыз. Сондай-ақ токсикологиялық орталық құрылады», - деп мәлімдеді Робб Батлер.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да, экологиялық проблема халықтың денсаулығына әсер еткенін атап өтіп, ДДСҰ деректерін растады.
«Небәрі бірнеше онжылдықта теңіз өз көлемінің 90%-дан астамын жоғалтты, бұл табиғи экожүйелердің бұзылуына және миллиондаған адамдар үшін ауыр әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқтырды. Ал бүгінде біз бұл трагедияның салдары экология шеңберінен әлдеқайда шығып кеткенін көріп отырмыз, бұл– аурушаңдықтың өсуі, халықтың өмір сүру сапасының төмендеуі және дәстүрлі табыс көздерінен айырылу», - деді Аида Балаева.
Сессия Арал және Каспий теңіздері аймақтарының денсаулығына төнетін экологиялық тәуекелдерді шешуде саяси консенсус қалыптастыру, сондай-ақ денсаулық пен экология мәселелері бойынша келісілген тәсілдерді әзірлеу мақсатында ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылардың басым міндеті: «Арал теңізі өңіріндегі салауатты болашақ» жол картасын ілгерілету, өңірлік диалогты Каспий маңы елдеріне, ең алдымен Әзірбайжанға кеңейту және салааралық әрі трансшекаралық ынтымақтастықты нығайту болды.