office@caclimate.fund

2025 жылы Қазақстанда түзілген өнеркәсіптік қалдықтардың 37%-ы қайта өңделіп, кәдеге жаратылды

IMG


Қазақстанда жыл сайын шамамен 1 млрд тонна өнеркәсіптік қалдық түзіледі. Елде жинақталған қалдықтардың жалпы көлемі шамамен 31,6 млрд тоннаны құрайды. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің (бұдан әрі – ҚР ЭТРМ) мәліметінше, 2025 жылы қайта өңделген және кәдеге жаратылған өнеркәсіптік қалдықтардың үлесі 37%-ды құрады (2024 ж. – 27,5%).

Жинақталған қалдықтардың жалпы көлемінің 70%-ын техногендік-минералдық түзілімдер, оның ішінде аршынды жыныстар мен күл-қож қалдықтары құрайды. 10%-ы өңдеуші өнеркәсіп қалдықтарына, ал 20%-ы өзге қызмет түрлерінен туындайтын қалдықтарға тиесілі. Оларды қайта өңдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

​Қоршаған ортаны ластаудың негізгі көздерінің бірі – кейбір өнеркәсіптік кәсіпорындардың таратылуы, қайта ұйымдастырылуы, жекешелендірілуі немесе банкроттығы нәтижесінде иесіз қалған қауіпті қалдықтар болып табылады. 

Сот шешімдерімен Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Ақмола облыстарындағы қауіпті қалдықтардың 17 объектісі республикалық меншікке берілді. Оның ішінде: 6-уы жойылды, 2-уі жергілікті атқарушы органдарға берілді, 2-уі сатылды, 7-уі басқару сатысында.

Сонымен қатар, ҚР ЭТРМ Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымымен (ЮНИДО) бірлесіп «Украина, Беларусь, Қазақстан және Арменияда озонды бұзатын заттар мен тұрақты органикалық ластағыштарды жоюды келісілген басқару жөніндегі өңірлік демонстрациялық жоба» жобасын іске асыруда.

Ақмола облысында тұрақты органикалық ластағыштарды, оның ішінде полихлордифенил құрамды қалдықтарды термиялық жоюға арналған өнеркәсіптік кешеннің құрылысы аяқталды. Жоба жеке серіктес – «ЭкоЛюкс-Ас» ЖШС қаражаты есебінен халықаралық ұйымдардың (Жаһандық экологиялық қор, ЮНИДО) техникалық қолдауымен жүзеге асырылды. 

Бұған дейін хабарланғандай, 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтеді, онда Орталық Азия елдерінің проблемалары және оларды шешу жолдары талқыланады. Қалдықтарды басқару іс-шараның негізгі тақырыптық бағыттарының бірі болып табылады.

E-mail:

office@caclimate.fund

Телефон:

+7 (708) 345-79-71

Адрес:

проспект Мангилик Ел, 11/1, офис 704, Астана, Казахстан

© 2025, Central Asia Climate Foundation. Барлық құқықтар қорғалған

Сайтты Harris Media әзірлеген