Тәуекелдерден мүмкіндіктерге: Астанада Орталық Азияның орнықты дамуының жаңа экономикасы талқыланды

Өңірлік экологиялық саммит (ӨЭС) аясында «Климаттық тәуекелдерден бизнес мүмкіндіктеріне көшу: Орталық Азиядағы тұрақты дамудың жаңа экономикасы» тақырыбында негізгі панельдік сессия өтті. Пікірталасқа қатысушылар — халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік сектордың және қаржы бизнесінің өкілдері — экологиялық сын-қатерлердің инвестициялық драйверлерге трансформациялануын талқылады.
ӨЭС аясындағы бұл панельдік сессия БҰҰ Жаһандық шартының принциптерін ілгерілетуге және өңірдің жоғары инвестициялық тартымдылығын сақтай отырып, климатқа теріс әсерді азайтуға қабілетті экономикалық өсудің жаңа модельдерін іздеуге бағытталған.
Орталық Азия климаттық қорының (ОАКҚ) Жобалық кеңсесінің жетекшісі Ерлік Қаражан климаттық күн тәртібін өңірдегі компаниялардың бизнес-стратегияларына интеграциялау қажеттілігін атап өтті.
«Біз бүгін ұсынып отырған тәсіл — климаттық тәуекелдер мен экологиялық күн тәртібі мәселелері біздің стратегиямызда қалай көрініс тауып жатқанын түсіну. Тәжірибеге қатысты мәселелерде, әсіресе реттеуші күн тәртібінің шынайылығымен немесе әлемде болып жатқан жағдайлармен бетпе-бет келгенде, жиі қиындықтар туындайды», — деді ол.
Сонымен қатар Ерлік Қаражан «гринвошинг» мәселесіне және экологиялық бастамалар құнының қабылдануына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, орнықты жобалардың ұзақ мерзімді пайдасы бастапқы шығындардан асып түседі.
«Жасыл жобаның не екенін түсінбеген жағдайда, біз біреуді гринвошинг үшін айыптауымыз мүмкін, ал біреуді шын мәнінде жасыл компания деп айта аламыз. Қысқа мерзімді перспективада бұл жобалар өте тиімсіз. Бірақ ұзақ мерзімді перспективада — денсаулыққа әсері, қоршаған ортаға әсері және тағы басқалары — бұл өте маңызды жоба», — деп толықтырды Каражан.
БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча Қазақстандағы және өңірдегі климаттық тәуекелдерді басқару тек экологиялық мәселе ретінде емес, азық-түлік және су қауіпсіздігіне әсер ететін дамудың негізгі басымдығы ретінде қарастырылуы тиіс екенін атап өтті.
Өз кезегінде «Halyk Bank» АҚ Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова «жасыл» қаржыландыруды ынталандырудың нақты тетіктерін ұсынды. Атап айтқанда, ол таза энергетика және су ресурстары саласындағы жобалар үшін жалпыөңірлік салықтық жеңілдіктер жасау бастамасын көтерді, бұл жеке капиталды ұзақ мерзімді экологиялық бастамаларға тартуға мүмкіндік береді.
Сессияға қатысушылар климаттық сын-қатерлердің ауқымы трансшекаралық ынтымақтастықты талап етеді деген ортақ пікірге келді, өйткені өңірдің табиғи ресурстары өзара байланысты, ал Орталық Азия экономикасының орнықтылығы барлық бес мемлекеттің іс-қимылының синергиясына тікелей байланысты.