Гамбургте орнықты даму мәселелері талқыланды

Гамбург қаласында халықаралық Тұрақты даму конференциясы (HSC) өтті. Конференция барысында түрлі өңірлерден келген жетекші сарапшылар геосаяси өзгерістер мен капиталға қатысты шектеулердің жаһандық энергетикалық ауысуды қаржыландыру жолдарына қалай әсер етіп жатқанын талқылады. Сондай-ақ инвестицияларды ауқымды түрде ұлғайту мен технологияларды енгізудегі кедергілер, оларды еңсеруге қажетті саяси және қаржылық құралдар қарастырылды.
Конференция жұмысын Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ашты.
Конференция барысында келесі мәселелер талқыланды:
- Қазіргі инвестициялық ағындар жаһандық энергетикалық ауысуды дұрыс бағытта ұстап тұру үшін жеткілікті ме, әлде қаржыландыру тапшылығы ұлғая түсуде ме? Технологияларды кең ауқымда енгізуді қандай модельдер жеделдете алады?
- Инновациялар мен оларды ауқымды енгізу арасындағы алшақтықты қалай еңсеруге болады, әсіресе сутегі энергетикасы, көмірқышқыл газын ұстау, пайдалану және көму жүйелері (CCUS), сондай-ақ энергия сақтау жүйелері сияқты капиталды көп қажет ететін технологиялар үшін?
- Өңірлер арасындағы технологияларды беру мен енгізудегі негізгі кедергілер қандай және оларды қалай жоюға болады?
- Геосаяси бәсекелестік пен энергетикалық қауіпсіздік мәселелері күшейіп отырған жағдайда мемлекеттер таза технологиялар жеткізу тізбегінің тұрақтылығын қалай қамтамасыз ете алады?
- Егеменді капитал, көпжақты даму банктері (MDBs) және мемлекеттік қаржы институттары жеке инвестицияларды тиімдірек тарту үшін қандай рөл атқара алады? Қолданыстағы құралдар жеткілікті ме, әлде жаңа тәсілдер қажет пе?
Сарапшылар таза энергетиканың дамуы жеделдеп келе жатқанын, алайда оның біркелкі емес екенін атап өтті. Капитал әлі де ауысуға деген қажеттілік ең жоғары елдерге емес, тәуекелі төмен нарықтарға бағытталуда. Дамушы экономикалы мемлекеттер энергияға сұраныстың қарқынды өсуіне қарамастан, капитал құнының жоғары болуымен, валюталық тәуекелдермен және ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділіктің шектеулілігімен бетпе-бет келуде. Елдер бір мезгілде қолжетімді энергияны қамтамасыз етіп, шығарындыларды азайтуға ұмтылған сайын, егеменді капиталдың, стратегиялық жеке инвестициялардың және технологиялық әріптестіктің рөлі арта түсуде.
Конференцияға қатысушылардың пікірінше, қазіргі басты мәселе – жаһандық ортаның бөлшектенуі жағдайында жедел, қауіпсіз әрі даму басымдықтарымен үйлесімді энергетикалық ауысуды қалай қаржыландыру керектігі.
Конференция аясында әлемдегі жетекші талдау орталықтарының бірі – Observer Research Foundation (ORF) ұйымдастырған «Ауысуды қамтамасыз ету: капитал, технологиялар және жаңа энергетикалық геосаясат» тақырыбындағы сайд-ивент өтті. Іс-шараға Орталық Азия Климаттық қорының (CACF) Бас атқарушы директоры Ерлік Қаражан қатысты.
Ол жаһандық «жасыл» ауысуды жүзеге асыру үшін, әсіресе дамушы экономикалы елдерде қажет инвестициялар көлемі қазіргі капитал ағындарынан әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.
«Капитал ең жоғары қажеттілік бар жерге емес, тәуекел ең төмен деп бағаланатын жерге бағытталады. Қажеттілік пен тәуекелді қабылдау арасындағы дәл осы алшақтықта бүгінгі климаттық әділетсіздік көрініс табады. Орталық Азияда жасыл трансформацияны жүзеге асыру үшін қажеттінің бәрі бар: күн, жел, су ресурстары және стратегиялық маңызы бар минералдар. Жетпейтіні – осы әлеуетті нақты инвестицияға айналдыра алатын қаржылық архитектура», – деді Ерлік Қаражан.
Бұған дейін хабарланғандай, ағымдағы жылдың 26 маусымында CACF басшысы Лондонда ORF бастамасымен құрылған Жасыл ауысу жөніндегі жоғары консультативтік кеңестің құрылтай отырысына қатысты. Ерлік Қаражан Кеңестегі Орталық Азиядан шыққан жалғыз өкіл болып табылады. Бұл өңірлік күн тәртібінің климаттық қаржыландырудың жаһандық архитектурасы мен «жасыл» ауысу мәселелерін талқылауда ескерілуіне мүмкіндік береді.