ӨЭС 2026 аясында Орталық Азияда айналым экономикасын дамыту мәселелері талқыланады

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасымен (бұдан әрі – ЮНЕП), SWITCH-Asia және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит (бұдан әрі – ӨЭС) аясында Орталық Азия елдерінде айналым экономикасын дамытуға арналған сессия өткізеді.
«Айналым экономикасын ауқымдау: ресурстық тиімділікті арттыру үшін өңірлік ынтымақтастық» атты жоғары деңгейдегі тақырыптық сессия 22 сәуірде өтеді. Іс-шараға Орталық Азия елдерінің экология министрлері, ЮНЕП Атқарушы директоры, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері, оның ішінде Дүниежүзілік банктің қоршаған орта жөніндегі жаһандық директоры, ФАО-ның өңірлік директоры, Базель, Роттердам және Стокгольм конвенциялары хатшылығының (BRS) атқарушы хатшысы және Еуропалық одақтың елшісі қатысады деп күтілуде.
Айналым экономикасы экономикалық өсім, ресурстардың шектеулілігі және қалдықтар көлемінің ұлғаюы жағдайында Орталық Азия елдерінің тұрақты дамуының стратегиялық бағытына айналуда. Сызықтық модельден айналым моделіне көшу экологиялық және климаттық тәуекелдерді азайтуға, жаңа нарықтар мен инновациялық мүмкіндіктерді қалыптастыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Жаппай тұтыну үлгілері мен бір реттік өнімдерді пайдалану халық денсаулығына, су ресурстарына, экожүйелерге және азық-түлік қауіпсіздігіне керіәсерін тигізеді. Осыған байланысты айналым экономикасы өңірдің тұрақты трансформациясының маңызды трансшекаралық бағыттарының бірі ретінде қарастырылады.
Орталық Азия елдеріндегі нормативтік-құқықтық базаның фрагменттелуі, қалдықтарды басқару инфрақұрылымының жеткіліксіз дамуы және қайта өңдеу деңгейінің төмендігі келісілген өңірлік тәсілді қалыптастыру қажеттігін көрсетеді. Мұндай тәсіл мемлекеттік саясаттың үйлесімділігін қамтамасыз етуге, халықаралық міндеттемелерді ұлттық деңгейде тиімді іске асыруға және айналым экономикасы қағидаттарын ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Сессияның мақсаты – тұрақты ресурстарды басқару, қалдықтардың түзілуін азайту және айналым экономикасы қағидаттарын енгізу саласында өңірлік ынтымақтастықты нығайту және үздік тәжірибелермен алмасу.
Іс-шара аясында агроазық-түлік, құрылыс, өнеркәсіп, туризм және қалдықтарды қайта өңдеу салаларында айналым шешімдерін ауқымдау мақсатында Орталық Азия елдері арасындағы мемлекетаралық өзара іс-қимылды дамыту мәселелері талқыланады.
Сондай-ақ сессия барысында Орталық Азиядағы айналым экономикасы саласындағы әріптестік жөніндегі Рамалық бағдарлама таныстырылады. Бұл бағдарлама өңірде ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибе алмасуға және айналым тәсілдерін ілгерілетуге арналған тұрақты платформаны қалыптастыруға бағытталған.
Сессия айналым экономикасы бойынша өңірлік альянс қалыптастыру жолындағы алғашқы қадамға айналып, осы саладағы келісілген тәсілдерді әзірлеуге және өңір елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған алаң боладыдеп күтілуде.