office@caclimate.fund

Айналым экономикасын кеңейту: ресурстық тиімділікті арттыруға бағытталған өңірлік ынтымақтастық

IMG


Орталық Азия елдерінің өкілдері айналым экономикасы саласындағы өңірлік күн тәртібін талқылады. Экономикалық өсу қалдықтар көлемінің артуымен қатар жүруде, табиғи ресурстарға түсетін салмақ ұлғайып жатыр, ал қалдықтармен жұмыс істеу инфрақұрылымы әлі де тиісті деңгейде дамымаған. Осындай жағдайда циркулярлы экономикаға көшу практикалық қажеттілікке айналып отыр. Ол экономикалық дамуды қолдаумен бірге, экологиялық тәуекелдерді азайтуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

           «Айналым экономикасы — бұл тек қалдықтарды пайдалану мәселесі емес. Бұл ресурстарды ұтымды пайдалану, инновацияларды дамыту, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер жасау, заманауи жасыл жұмыс орындарын қалыптастыру туралы болып отыр. Сонымен қатар, өңір үшін негізгі сын-қатерлердің бірі — тәсілдердің жеткіліксіз үйлестірілуі болып отыр. Реттеудегі айырмашылықтар, шектеулі үйлестіру, инвестиция тапшылығы сәтті шешімдердің таралуын баяулатады», - деп атап өтті Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

           Қазақстан Орталық Азия елдері үшін циркулярлы экономика бойынша серіктестіктің негіздемелік бағдарламасын дайындау бастамасын көтерді. Бұл құжат өңір мемлекеттерінің тәсілдерін келісуге, ортақ пайым мен басымдықтарды әзірлеуге, инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасауға, сондай-ақ технологиялармен, мәліметтермен және үздік тәжірибелермен алмасуды кеңейтуге мүмкіндік береді.

           Сондай-ақ Қазақстан мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың және жеке сектордың тұрақты өзара іс-қимыл алаңы ретінде циркулярлы экономика бойынша өңірлік альянс құруды ұсынды.

           Экология министрінің айтуынша, циркулярлы экономиканы дамыту экологиялық саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.

           «Біз қазірдің өзінде нақты шараларды қабылдап жатырмыз: қалдықтарды басқару жүйесін жетілдірудеміз, өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі тетіктерін дамытып, саладағы цифрлық шешімдерді ілгерілетіп жатырмыз. Сонымен бірге біз тұрақты әрі ауқымды нәтижеге тек тығыз өңірлік ынтымақтастық арқылы ғана қол жеткізуге болатынын анық түсінеміз», - деп толықтырды ведомство басшысы.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта бағдарламасының атқарушы директоры Ингер Андерсен айтылған бастамаларды қолдады.

«Тұйық циклді экономикаға көшу жаңа нарықтар, жаңа мүмкіндіктер, жұмыс орындарын, жаңа экономикалық құндылық пен жүйелі тұрақтылықты қалыптастырады», - деді БҰҰ Бас хатшысының орынбасары.

           Тұйық циклді экономикаға көшу әлемдік ЖІӨ-нің 3%-ға өсуіне алып келеді, материалдарды пайдалану 30%-ға қысқарады, парниктік газдардың шығарындылары азаяды, сонымен бірге экономика өседі. Сондай-ақ жұмыс орындарының саны артады деп есептейді БҰҰ.

           Орталық Азия реформалау және сызықтық экономикадан тұйық циклді экономикаға көшу процесін бастап кетті. Келесі қадам жаңа бизнес-модельдерге көшу болуы тиіс. Мемлекеттік қаржы институттары бұл жаңа нарықты қолдай алады. Бұл нарық әсіресе шағын және орта бизнес үшін, ерте инноваторлар үшін маңызды, деп толықтырды Ингер Андерсен. 

Оның айтуынша, пластик, құрылыс, электроника, тоқыма өнеркәсібі, сондай-ақ минералдар мен металдар сияқты салаларға назар аудару қажет. Орталық Азия аталғандардың барлығын өндіруші ірі аймақ болып табылады.

           Сессия жұмысына Орталық Азия елдерінің экология министрлері, Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (UNEP) атқарушы директоры, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері, соның ішінде Дүниежүзілік банктің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жаһандық директоры, ФАО өңірлік директоры, Базель, Роттердам және Стокгольм конвенциялары (BRS) Хатшылығының атқарушы хатшысы және Еуропалық одақ Елшісі қатысты.

E-mail:

office@caclimate.fund

Телефон:

+7 (708) 345-79-71

Адрес:

проспект Мангилик Ел, 11/1, офис 704, Астана, Казахстан

© 2025, Central Asia Climate Foundation. Барлық құқықтар қорғалған

Сайтты Harris Media әзірлеген